Еңбек, кәсіп туралы мақал-мәтелдер

oinet1 2020-10-01 11:40:07

Мал жисаң қонысын тап,

Ас жисаң — ыдысын тап.

***

Кәсіп, кәсіп түбі — нәсіп.

***

Еңбегі аздың өнбегі аз.

***

Жатқанға жан жуымас,

Жалқауға мал құралмас.

***

Ерді еңбек жеткізер.

***

Ердің атың еңбек шығарады.

***

Еңбегіңнен ел таныр.

***

Жылай-жылай жап қазсаң,

Күле-күле су ішерсің.

***

Еңбегің қатты болса,

Татқаның тәтті болар.

***

Жаңбырменен жер көгерер,

Еңбекпенен ел көгерер.

***

Байлықтың атасы — еңбек, анасы - жер.

***

Ісі кенеулінің — есімі елеулі.

***

Қайратың бар да мал тап.

***

Жан қиналмай жұмыс бітпес,

Талап қылмай мұратқа жетпес.

***

Жақсы жұмыс - жанға тыныс.

***

Ырыс алды - ынтымақ.

***

Еңбек ет те міндет ет.

***

Жұмысы бардың

Жүйкесі тыныш.

***

Еңбек еткен емеді,

Еңбексіз не өнеді.

***

Қолынан келген қонышынан басады.

***

Көрнекті іс көмілмейді.

Еңбек етсең — емерсің,

Ерінбесең — жеңерсің.

***

Не ексең соны орасың.

***

Біткен іске сыншы көп.

***

Істің басы байлы болса,

Аяғы сайлы болады.

***

Біткен істің міні жоқ,

Бітірген ердің кемі жоқ.

***

Ерте тұрған еркектің ырысы артық,

Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық.

***

Әлің бар да еңбек ет,

Еңкейгенде емерсің.

***

Тере берсе тезек те қызық.

***

Алтын шыққан жерді белден қаз.

***

Темірді қызғанда соқ.

***

Іздеген мініскер ағашын табады.

***

Шапқан озар, жатқан қалар.

***

Қалауын тапса қар жанар.

***

Атыңды жүріп тұрғанда қамшыла.

***

Сабақты ине сәтімен.

***

От жанбағы көріктен.

***

Тамшыдан тама берсе, дария болар.

***

Еңбегіне қарай өнбегі

***

Еңбегі ештің — күні кеш.

***

Еңбексіз тапқан мал есепсіз кетеді.

***

Еріншек егіншіден,

Ерінбеген масақшы озады.

***

Арамнан алған түйеден,

Адалдан алған ешкі жақсы.

***

Қарманған қарап қалмайды.

***

Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды.

***

Қимылдаған қыр асады.

***

Керек тастың ауырлығы жоқ.

***

Ерте тұрған өкінбес.

***

Қашпақ болсаң зымыра.

***

Алыстан арбалағанша,

Жақыннан дорбала.

***

Істегенің еліңе жақсы,

Үйренгенің өзіне жақсы.

***

Шоқ қайдан болса,

Жылу содан.

***

Ерінбеген етікші болады.

***

Жігіттің түсін айтпа, ісін айт.

***

Михнат болмай, рақат болмас.

***

Қайраты бар кісінің, берекеті бар ісінің,

Қайраты жоқ кісінің, берекеті жоқ ісінің.

***

Алғыр жігіт ақылына қарай іс қылар,

Олақ жігіт оңай жұмысты күш қылар.

***

Түсі келіспей, ісі келіспес.

***

Ерте шықсаң, алдыңнан күн шығады,

Кеш шықсаң, алдыңнан түн шығады.

***

Рақаттың түбі кеңіс,

Еңбектің түбі жеңіс.

***

Қасықтап жинап,

Шөміштеп төкпе.

***

Киіз кімдікі болса,

Білек соныкі.

***

Түстік өмірің болса,

Кештік мал жыйна.

***

Отынды шапқанға жақтыр,

Малды тапқанға бақтыр.

***

Сөз қуған пәлеге жолығар,

Шаруа қуған қазынаға жолығар.

***

Қысқа шілдеде қу сақта,

Жаз шілдеде су сақта.

***

Қырсыққан жігіт мал таппас.

***

Адасқан жігіт жол таппас.

***

Ебептен себеп, балшықтан мұрат.

***

Қазаныңа не салсаң,

Шөмішіңе сол ілінер.

***

Кезі келсе кетпен шап,

Майрылмаса, қайырылсын.

***

Колхоз аулы қауымды келеді,

Еңбек екпіні дауылды келеді.

***

Екпіндінің өзі де екпінді, сөзі де екпінді.

***

Шегірткеден қорыққан егін екпес.

***

Жер — ырыстың кіндігі.

***

Жердің сәні — егін,

Ердің сәні - білім.

***

Екпей егін бітпес,

Үйренбей білім бітпес.

***

Берген - алар, еккен - орар.

***

Жері байдың елі бай.

***

Жер бауыры жазық.

***

Ексең егін, ішерсің тегін.

***

Көшпелі елдің қоры болғанша,

Егінші елдің зоры бол.

***

Еңбек ер атандырар.

***

Дихан болсаң, қос өгізің тең болсын,

Шаруа болсаң, қос етегің кең болсын.

***

Жанжалды елге жақын қонба,

Оқпанды жерге егін салма.

***

Күн күркіресе, жерге абыйыр,

Жер иісе, малға абыйыр.

***

Құлан дайда семірсе,

Сол жерге түгін төгеді.

***

Бұлт қайда орнаса,

Береке сонда шөгеді.

***

Шөбі жоқ деп жерден түңілме,

Мал бітпес деп ерден түңілме.

***

Тарыға май көптік қылмайды,

Күрішке су көптік қылмайды.

***

Күріш арқасымен күрмек су ішеді.

***

Айыр пішен қасында,

Кісені кереге басында.

***

Шаруа жазда жазылар,

Қыста қысылар.

***

Жердің жарлысына

Ердің сорлысы қонар.

***

Сусыз жердің шөбі арық.

***

Орақшының жаманы орақ таңдайды.

***

Жасық кісі жасқа тоймас,

Пасық кісі ұйқы мен асқа тоймас.

***

Жалқауға от басы айшылық жер.

***

Ауру өле-өлгенше жаннан дәмелі,

Жалқау жан қиналмай малдан дәмелі.

***

Еріншектің ертеңі таусылмайды.

***

Жалқауға сөз, шабанға таяқ өтпейді.

***

Тойғанға бір салса да еңбек.

***

Тынымсызды жұмсасаң,

Тыңдайсың да тұрасың.

***

Еріншектің ісі екі.

***

Піскен асқа тік қасық.

***

Тартынып үзген шабанның ісі,

Өткізіп алған жаманның ісі.

***

Тіл алмасқа сөз айтсаң,

Адам таппас жауап айтар.

***

Айтқызған жаманның ісі,

Қамшылатқан шабанның ісі.

***

Таз таранғанша, той тарқар.

***

Жаман болатын жігіт, шегіншек келер,

Кедей болатын жігіт, еріншек келер.

***

Айдап салдың малы өспес,

Алакелдің жұмысы бітпес.

***

Шабан үйрек бұрын ұшар.

***

Жалқауға мың сылтау.

***

Жалқаудың жаны ұйқыда.

***

Еріншектен мізбақпас туады.

***

Еріншектің ертеңі бітпес.

***

Жалқау жыламсақ келеді.

***

Алма піс, аузыма түс.

***

Сен салар да мен салар,

Атқа жемді кім салар.

***

Етік тіге алмаған біз таңдайды.

***

Тұр-тұрдан хабар келсе,

Ұйқыдан маза кетеді.

***

Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен.

***

Жапа шегіп жай жату,

Жасқаншақтың белгісі.

Ерте жатып кеш тұру,

Еріншектің белгісі.

***

Еріншек екпінді болмас.

***

Еріншекке бүгіннен ертең оңай.

***

Дарақының күлкісі қанбас, Жалқаудың ұйқысы қанбас.

***

Бірдің кесірі мыңға тиеді.

***

Қыс қысыл, жаз жазыл.

***

Кедейге кербездік келіспес.

***

Әр кемістікке — бір жетістік.

***

Төркінге сенгеннің төбесі тесік.

***

Кедейді кесір құртар.

***

Сауданың түбі борыш,

Шаруаның түбі кеңіс.

***

Базарда бәрі бар,

Ақшасыз ешкім бермейді.

***

Арзанның жілігі татымас.

***

Саудада достық жоқ.

***

Бал ұстаған бармағын жалайды.

***

Жалқау жатып бұйырады.

***

Малсызға малға балап ұйқы береді,

Арсызға арға балап күлкі береді.

***

Еңбексіз жалқау еріншек,

Көрінгеннен тілемсек.

***

Арсызға алты күн мейрам.

***

Жалқау дәлелшіл келеді,

Жасқаншақ жыламсақ келеді.

***

Еңбек — ердің көркі,

Ер — елдің көркі.

***

Еңбексіз құраған дәулет,

Емсіз жабықсан дертпен тең.

***

Тіліңе сүйенбе, күшіңе сүйен,

Күшіңе сүйенбе, ісіңе сүйен.

***

Құр сөз қоңылтақ етік,

Жүрсең аяғыңды қажайды,

Отырсаң тобығыңа батады.

***

Еңбекке үйренем десең, ерінбе,

Өнерге үйренем десең, жерінбе.

***

Ер еңбегімен озады,

Еріншек езілумен тозады.

• ***

Еңбексіз ауырса, емі табылмайды,

Есалаң жетіссе, теңі табылмайды.

***

Кімнің ісі көп болса,

Соның күші көп.

***

Мың қайғы, бір борышты өтемейді.

***

Өгіздің отын оттап,

Бұзаудың орнына жатпа.

***

Отырам деп, еріншек өлер,

Кісіге жақсылық қылам деп, көңілшек өлер.

***

Саудың асын ішіп,

Аурудың сөзін сөйлейді.

***

Ұйқыда ұят жоқ.

***

Тек жүрсең тоқ жүресің,

Қыдырма болсаң көп жүресің.

***

Өтірік сөз өрге баспас.

***

Әңгіме бұзау емізер,

Бұзау таяқ жегізер.

***

Өтірікшінің жаны күйер,

Ұрлықшының малы күйер.

***

Өсекші ауыз жыбырламай тұрмас.

***

Көсеуі қысқаның қолы күйер.

***

Жыртық үйді жел табар,

Өтірік сөзді шын табар.

***

Өткір пышақ қынға қас,

Өтірік сөз жанға қас.

***

Сөзді сөз түртеді.

***

Ауруда шаншу жаман,

Сөзде қаңқу жаман.

***

Шұбалаң жолдан,

Бәлекет тілден.

***

Тауды, тасты жел бұзар,

Адамзатты сөз бұзар.

***

Қолымен қосаяқ соқпайды,

Аузымен орақ орады.

***

Қотыр қолдан жұғады,

Пәле тілден жұғады.

***

Ұшқан құстың жолы жоқ,

Өтірік сөздің түбі жоқ.

***

Сөздің өтірігіне нанба,

Қисынына нан.

***

Адам тілі тас жарар,

Тас жармаса, бас жарар.

***

Құрғақ сөз — бас ауыртар,

Құрғақ қасық — ауыз жыртар.

***

Өтірік айтқаннан өлген артық.

***

Жел болмай шөп басы қозғалмас.

***

Тілге шешен, күшке мешел.

***

Ұялмас бетке, талмас жақ бітеді.

***

Тентекті тентек десең,

Бөркі қазандай болады.

***

Өтірік - ұят, шын — мұят.

***

Құр судан май шықпайды,

Құр сөзден мән шықпайды.

***

Өтірік - қаңбақ, шын — салмақ.

***

Адам сөзінен жазады,

Сиыр мүйізінен жазады.

***

Өтірік екеу, шын төртеу.

***

Құлақтан кірген суық сөз,

Көңілге барып мұз болар.

***

Сүйрендеген жаман тіл,

Сүйгеніңнен айырар.

***

Еңбек етсең емерсің.

***

Есің барда, етек жап.

***

Ер қадірін ер білер,

Зер қадірін зергер білер.

***

Қатты жерге қақ тұрар,

Қайратты жерге бақ тұрар

***

Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей.

Ер, ерлік, батырлық туралы мақал-мәтелдер
Отан, туған жер туралы мақал-мәтелдер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу