Табиғат туралы жұмбақтар
Қу талақай үйірілген,
Желден шүй кейірілген.
Құйын
****
Бір хайуан елге мәшһүр таңғажайып,
Жүреді кейде көп боп, кейде азайып.
Барлығы көпке мәлім болса - дағы,
Еш адам ұстай алмас ебін тауып.
Құйын
***
Жұмбағым жұтылды,
Ойға қарай құтылды.
Құйын
****
Өрге қарай құтылды,
Сырына келіп қосылса,
Өз - өзінен құтырды.
Құйын
****
Ашуланып бұртиды,
Аузы көпіріп құтырды.
Ашушаң ақымақ,
Кез келгенді ұшырады.
Құйын
***
Бір нәрсе жер мен көкті шарлап тұрған,
Дамылсыз бәйіт айтып зарлап тұрған.
Тамаша қылығына қарап тұрсам,
Арасын жер мен көктің барлап тұрған.
Жел
****
Бір нәрсеге қарап тұрсаң дүбірлейді,
Алыстан көзін салсаң күлімдейді,
Екпіні сонша қатты болса - дағы,
Ұстасаң қолыңызға білінбейді.
Жел
****
Алдымнан өтті бұлдырлап,
Тұра қалдым жолында.
Ұстайын деп ойладым,
Ілінбеді қолыма.
Жел
****
Құйрығы, екі мүйізі,
Түбінде шидің шықпаған.
Ту қоян жатыр тумаған,
Шыбықпен ұрсам, шықпаған,
Қарғыды тамнан соқпаған.
Жел
***
Әне барады өзі,
Көрінбейді ізі.
Жел
****
Желіп кетсе жеткізбес,
Жерге түссе табылмас.
Жел
***
Бір нәрсе көрінбейді, бар ғой өзі,
Адамзат ол нәрсені көрмес көзі.
Жансызды қимылдатып жанды қылар,
Ызылдап, ызың қағар айтқан сөзі.
Жел
***
Бар екен бір мақұлық боздайтұғын,
Жұлқынып төңіректі қоршайтұғын.
Жаһанды жалпағынан басып өтіп,
Ұшқан құс, жүгірген аң озбайтұғын.
Жел
****
Қол - аяғы жоқ болса да,
Қақпа есікті аша алған.
Жел
***
Жерде емес, аспанда емес, арасында,
Қол жетпес ұсынғанмен саласына.
Өзінің ұшқырлығы құстан жүйрік,
Ойланып бұл жұмбақты табасың ба?
Жел
***
Жол үстінде семіз тоқты,
Құйрығын көтере алмай жерге соқты.
Боран
***
Ақ боз жорға,
Күн бұрын ойламасаң,
Кезігерсің көп сорға.
Боран
****
Жер түбінен боз жорға ат келеді.
Боран
***
Ұстасаң - қолға ілінбес,
Қарасаң - көзге көрінбес.
Жүрсе ізі жоқ,
Көретін көзі жоқ.
Гулесе күші бар,
Таңқаларлық ісі бар.
Боран
****
Қыс болса қыр мен ойды аралайды,
Жаз болса қозғалуға жарамайды.
Боран
***
Қанаты жоқ ұшады,
Аяғы жоқ желеді,
Аузы жоқ ұлиды.
Боран
***
Қуып едім мойнын бұрмады,
Ұстайын деп ем қолға тұрмады.
Боран
***
Терісін жыртпай етін жеген,
Жілігін шақпай майын жеген.
Аяз
****
Есіктен кірді еңкейіп,
Төрге шығады қампайып.
Аяз
****
Құлағы мен көзі жоқ,
Жоқ тіпті қол мен аяғы.
Бірақ ғажап өнерпаз,
Мәнерлеп ою ояды.
Қырау
***
Жазда болмайды,
Қыста болады.
Терезеге қонады,
Әсем ою ояды.
Қырау
***
Шолақ мылтық жер теседі.
Тамшы
***
Мұрынсыз шымшық мұз теседі.
Тамшы
***
Тама - тама тас тескен.
Тамшы
****
Жездекем жезді қамшысымен жер шұқылайды.
Тамшы
****
Бір нәрсе өліп жатыр, жетіп ажал,
Малының қисабы жоқ безбенге сал.
Сүйегі көкте де емес, жерде де емес,
Жігіттер, көңіл қойып, ойлаңыздар.
Қар
****
Бір түйем жүре алмайды майы көптен,
Ол түйем тойынбайды жеген шөптен.
Егер де осы түйем өліп қалса,
Сүйегі табылмайды жер мен көктен.
Қар
****
Батырмай жерге қонады,
Жердің беті оңады.
Қыста ғана тұрады,
Ұстасаң қолың тоңады.
Қар
****
Ақ жібек асыл көрпедей,
Қыс болса жерді жабады.
Жазғытұрым болғанда,
Су болып сайға ағады.
Қар
****
Аппақ етіп айналаны,
Ақ көбелек айналды;
Әбден қонып болған соң,
Жер әлемде жайланды.
Қар
***
Жерге қонған аспаннан көп көбелек,
Жазда іздесем бірі де жоқ көбелек.
Қар
***
Бір көрпем болушы еді ақ бәтестен,
Кім екен ыстық қолмен оны сөккен.
Төсекке көк пүліштен кілем салып,
Ғайып боп кетті өзі жер мен көктен.
Қар
***
Жер жиһанға ұн шаштым.
Қар
****
Мамықтай ұлпа,
Қанттай ақ.
Қыста жер бетін басады,
Жазда сайға қашады.
Қар
****
Қыста бар да, жазда жоқ,
Ол көп болса көңіл тоқ.
Қар
***
Ақ қойым тұрып кетті,
Қара қойым жатып қалды.
Қар мен жер
***
Қыстыгүні аппақ,
Жаздыгүні сұп - сұйық.
Қар, су
****
Төмен қарап өседі,
Күн жылына өшеді.
Сүңгі
***
Шешесі - су да, әкесі - суық,
Көктемде өлер күз күні туып.
Мұз
***
Арқалық салмай үй жаптым,
Суықта жылжымай жаттым.
Мұз
***
Қыста өседі ақ сәбіз
Төбесінде үйлердің.
Дәнегі жоқ шақсаңыз,
Соның үшін тимедім.
Мұз
***
Отқа күймейді,
Суға шөкпейді.
Мұз
****
Отқа жанбас,
Суға батпас.
Мұз
***
Қайда қазған,
Тағдырда жазған,
Барлық жұртқа бір ана.
Су, дария
***
Базардан әкелген бұлымыз,
Жон терісін тіліңіз.
Еті арам, сорпасы адал,
Мұны не деп біліңіз.
Құдықтың суы, топырақ
***
Бар екен бір мақұлық өзі жансыз,
Келеді кей жері әлді, кей жері әлсіз.
Кеудесі жерден шығып, жерге кірген,
Шешуін мұның біраз ойланарсыз.
Аққан су
***
Аяғы жоқ жүреді,
Сылқ - сылқ күледі.
Су
***
Бар - бар, бар атым,
Бар бойынша жорға атым.
Ажырақ көрсең, тістеме,
Байтал көрсең, кісінеме.
Су
***
Бір жылан жол салыпты әрбір сайға,
Сай түгіл жол салыпты әрбір жайға.
Су
***
Қара атым қалтырауық,
Қабырғасы жалтырауық.
Су
***
Ұзын - ұзын ұз келеді,
Ұзын бойлы қыз келеді.
Қасы қалтырап,
Көзі жалтырап.
Су
***
Жылт - жылт еткен,
Жырадан өткен.
Су
***
Ақ боз атым арынды,
Ақ көйлекке малынды,
Таудан тасты атқылап,
Таудан түсті шапқылап.
Тау бұлағы
****
Бар - бар, атым бар,
Жүйрік қана затым бар.
Жылқыға ұқсап кісінемес,
Қолға ұстасам, тістемес.
Арықтың суы
***
Шыққанда шығыны жоқ,
Жауса жауын бүйірі тоқ,
Қыста жылтыр қақ болар,
Түртінектеп тынымы жоқ.
Өзен
***
Ақ жылан аяғы жоқ, көзі де жоқ,
Сөйлеген не бір ауыз сөзі де жоқ.
Тоқтамай қысы - жазы кезе берер,
Үстінде бір жапырақ бөзі де жоқ.
Өзен
***
Көтеріп орман, тоғай, тастың бәрін
Жапанда шөгіп жатыр үлкен нарым.
Тау
***
Үлкен, үлкен түйені
Тастапты атам шөгеріп.
Өркеші бұлтқа тиеді,
Бауыры жатыр көгеріп.
Тау
****
Ұзын кілемім бар,
Көтеріп ала алмаймын.
Ұзын арқаным бар,
Оны жиып ала алмаймын.
Жер мен жол
***
Аждаһа жерден шығып көкке өрлер,
Қысылып өзгелерден бұрын терлер.
Түрі бар аждаһаның неше түрлі,
Алады қолы жеткен мініскерлер.
Жер
***
Жайы - жайы, жай кілем,
Жайылып жатқан бір кілем,
Түр - түр кілем,
Төгіліп жатқан кір кілем.
Көктемдегі жер
***
Жүресің - жүресің, ұшын таппайсың,
Ары жүрсең, қайтып келесің.
Жер
***
Бір зат бар дүниеде құшағы кең,
Ұшқан құс, жүгірген аң бәріне тең.
Адамзат, жан - жануар арасында
Мәңгілік өсіп - өніп өмір сүрген.
Жер
***
Көкторғын көрдім мен
Көп асыл қадаған.
Адам жоқ өмірде
Асылын санаған.
Жер
***
Көк жүнді бір өгіз бар еті қара,
Тілгіле өне бойын етіп пара.
Етін жеп жатсам - дағы майын сорып,
Болмайды өлмек түгіл титтей жара.
Жер
****
Жаһанда бір алыпты көрдім күшті,
Барлық салмақ дүниеде соған түсті.
Қандайын дүниеде барлық жеміс,
Солардың атырабында құрап пісті.
Жер
***
Жамандық қып, шапқылап жарсаң басын,
Жақсылық қып аямас сенен асын.
Күні - түні сонда да тепкілейсің,
Айтпайсың оған тәңір жарылқасын.
Жер
***
Бір жатқан зор кемеңгер қара кісі,
Қимылдар сол кісіден елдің тісі.
Талқандап беті, жүзін тырнасаң да,
Бір ауыз неге үйттің деу емес ісі.
Жер
***
Қағар, қағар, қағар кілем,
Қағайын десе ауыр кілем.
Жер
***
Зер, зер кілем, зер кілем,
Көтерейін десем зор кілем.
Жер
***
Өлшеусіз піштім,
Жіпсіз тіктім.
Жер
***
Өртесең де ерімейді,
Не тот басып шірімейді,
Өн бойына су сіңбейді,
Ылғал тартып, ірімейді.
Тас