Өсімдік, жеміс, көкөніс, дәнді дақылдар туралы жұмбақтар

oinet1 2020-10-01 15:15:01

Бір шар бар кіріп шығар есігі жоқ,

Су ішер, нан жемейді, тамағы тоқ.

Ішінде көп балапан етер мекен,

Ас қылып сойып жесең балдай екен. 

Қарбыз

****

Құдая, құдіретіңнің панасынан,

Таңым бар мен құдайдың бар күшіне,

Анасы туады екен баласынан. 

Қауын

****

Ұзын - ұзын әулие,

Онан да ұзын әулие.

Тораңғылдың түбінде,

Теңкиіп жатқан әулие. 

Асқабақ

****

Ояғы тау, бұяғы тау,

Ортасында бұжыр тау. 

Жаңғақ

***

Алма дерсің, түсіне қарап,

Жүгері дерсің, ішіне қарап,

Татсаң тәтті, бал шәрбәтті. 

Анар

***

Үлкендігі алмадай,

Сырты жанған қызыл от,

Ішін жарып қарасаң –

Майда, майда қызыл шоқ. 

Анар

****

Өзі қызыл, өзі қызық,

Ортасында бір сызық. 

Шабдалы

****

Үстіне тігіп көк шатыр,

Астында қызғылт дәу жатыр. 

Қызылша

****

Үлпершекке қан құйып,

Үріп талға байладым. 

Бүлдірген

****

Ирек - ирек әкесі бар,

Желбіреген шешесі бар,

Тәттібике деген қызы бар. 

Шие

****

Бұты, бұты ұзын,

Бұтынан да қолы ұзын. 

Жүзім

***

Қыста - мазар,

Жазда - базар. 

Жүзім

****

Азар, азар кетті,

Әкесі мазар кетті,

Баласы базар кетті. 

Жүзім

***

Аспай піскен,

Қайнамай түскен. 

Жеміс

****

Отырған мекен етіп жапан дала,

Бір талай мақұлыққа болған ана.

Мезгілі жеткен шақта жүкті болып,

Алты айда табады екен сансыз бала. 

Алма ағашы

****

Түсі бар ақты, көкті, қызыл ала,

Пайдасы адамзатқа тиген жаңа.

Қойыпты ортасына қазық қағып,

Сүйкімді көреді екен бала - шаға. 

Алма ағашы

****

Әрі қызыл, әрі тәтті,

Татқан жанды таңырқатты. 

Алма

***

Гүлсіз миуа піседі,

Көп жесең тіл жарады.

Ай сияқты дөңгелек,

Бұны кім табады? 

Әнжір

****

Сырты қызыл, іші ақ,

Ортасында бір таяқ. 

Жиде

***

Қар астында қыстағаны,

Жасыл бөрік тыстағаны. 

Күздің егіні

***

Жасынан тәрбиелеп бала бақтым,

Өсіріп ол баланы жұртқа жақтым.

Күніне екі - үш рет көрмей тұрсам,

Болмайды бұл дүниеде менің нақтым. 

Егін, ішкен тамақ

****

Алтын аяқты,

Алтын десем - азығы жоқ,

Ол жоқ болса - алуы жоқ.

Дүние толған адамның

Баршасы да теп - тегіс,

Біріне бірі қарауы жоқ. 

Астық пен аштық

***

Мысық мұртты,

Өрмек басты. 

Бидай

***

Ұзын мұртты сарылар,

Қойнында наны бар. 

Бидай

***

Екі жағы бүртік,

Ортасы сызық. 

Бидай

***

Аласа ғана бойы бар,

Қойнына тыққан наны бар. 

Бидай

****

Өзі қызық,

Бауырында бар

Жалғыз сызық,

Бұған жұрттың бәрі де ынтық. 

Бидай

***

Бек тұрған,

Белін буып,

Тек тұрған. 

Бау бидай

***

Желі басында бес бие,

Бесеуі де жас бие.

Құлындары құла ала,

Құлақтары сары ала. 

Масақ

****

Аласа терек,

Алпыс бұтақ,

Бұтақ сайын ұя,

Ұя сайын жұмыртқа. 

Масақ

****

Бойы бір қарыс,

Сақалы екі қарыс. 

Жүгері

***

Жерден шығар көгеріп,

Беліне қылыш байланып. 

Жүгері

*****

Қол басындай ағашта

Сансыз адам байлаулы,

Санасаң саны бар,

Аяғында жаны бар. (Жүгері)

Жеміс - жидектер туралы жұмбақтар

Көктемде ақ гүлге оранады. Күзде қолға доп боп оралады

Алма

***

Ортасында қазығы, бұтағында азығы

Алма

***

Көкпеңбек еді көктемде, қызарды күні жеткенде

Алма

***

Суық ұрса бүрлейді, көктем шыға гүлдейді. Күнге басын иеді, мол шуақты сүйеді. Күте білсең бабымен, өнім берер қабымен, қызыл, сары түйіні, витаминдер жиыны.

Алша

****

Іші аумаған жүгері, түрі - түсі алмадай. Ойымның жоқ бүгері, жесең бал деп қалмағай.

Анар

****

Кішкентай ғана құтша, іші толы мықша

Анар

***

Қышқыл қызыл бытыра, тығып алып ұртына. Тымырайып тұрғаны, түк шығармай сыртына

Анар

***

Күн нұрымен піседі, уылжып қолға түседі

Жеміс

****

Аспай піскен, қайнамай түскен

Жеміс

***

Желілері жайылып, жол - жол болып жатады. Күн нұрына бой ұрып, жердің нәрін татады. Жасыл шатыр астында, кететіндей үзіліп, тұр көп маржан тасындай, мойыл моншақ тізіліп

Жүзім

****

Көрсең өскен желісін, жапырағы қазтабан. Мөлдір қара жемісін, қыста емес, жаз табам.

Қарақат

***

Шертсең көк жолақ сыртынан, піссе үн шықпас ұртынан. Шикі болса, сампылдап, - тиме; - дейді таңқылдап.

Қарбыз

***

Біреу - ақ анасы, мың шақты баласы

Қарбыз

****

Көк лағым көгенде тұрып семірді

Қарбыз

****

Көкала бешпет киеді, күннің көзін сүйеді.

Қарбыз

****

Жағасы жасыл, суы қызыл, балығы қара.

Қарбыз

****

Байлап едім қойымды, желіде жатып тойынды

Қауын

***

Сусыз піскен ас көрдім, домаланған бас көрдім

Қауын

****

Көктемде тұзақ құрғанмын, қолайлы деген қырға бір. Тамызда барып жинадым, бір арба қызыл қырғауыл

Қауын

***

Терісі – сары, еті – дәрі

Лимон

****

Тіл үйірген дәмі бар, сары алтын түс – сәні бар. Шақсаң егер кептіріп, сүйегінің дәні бар, баққа тұрар сән беріп, алқа етіп тізіп ал

Өрік

****

Ас, астың ішінде тас, тастың ішінде және ас

Өрік

****

Қызыл күрең түрі бар, тебіндеген бүрі бар. Піскен кезде қаулайды, алтыннан бір аумайды, бал татыған нәрі бар, онда емнің бәрі бар.

Шабдалы

****

Бақтарда балбырап, тұрады албырап. Уылжыған уыздай алма емес, ол бірақ

Шабдалы

***

Түрі шар сияқты, түсі қып қызыл, дәмі бал сияқты

Шие


Табиғат туралы жұмбақтар
Табиғат туралы жұмбақтар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу