Билеудің денсаулыққа пайдасы

oinet1 2020-03-09 21:07:20

Негізі, би билеу – тілсіз өнер саналады. Өйткені, би билеу адамның көңіл-күйін көтереді. Түрлі қозғалыстар жасау арқылы қан айналымы жақсарып, бойы жеңілдеп, ми тамырлары кеңейетін болған. Осы ретте, биді спортқа жатқызудың өзіндік себебі бар. Олай дейтіні, би көп энергияны қажет етеді екен. Соған қарай адам өзін-өзі шынықтырып отыруы керек. Сондай-ақ, би өнерінің айтар мағынасы және ол арқылы адам ойындағы, жүрегіндегі жазуды би тілімен жеткізе білуі шарт. Ол үшін қолдың, дененің, саусақтың әр қимылы үлкен рөл ойнайды.

Жалпы, би билеудің адам денсаулығына еш зияны жоқ. Керісінше, оның пайдасы өте көп. Би билеудің дене шынықтыру үшін аса қажеттігін жоғарыда айттық. Әрі, мамандардың айтуы бойынша, би адам жанын рухани емдеуге жақсы көмектеседі екен. Мысалы, жұмыстан шаршап келіп, жүйкесі сыр бере бастаған адам үйіне келісімен сүйікті әуенін қойып, айнаның алдында біраз билеп алса, көңіл-күйі лезде көтеріліп, бір сергіп қалады екен. Оның үстіне би билеу адамды күйзелістен құтқаратын қасиетке де ие дейді. Бұл ретте, күйзелістен арылу үшін үнемі сарыуайымға салына бермей, үйде жеке қалып немесе достарыңмен би билеген әлдеқайда пайдалы көрінеді. Себебі, түрлі би қимылдарын жасау – адамның жүйке-жүйесін тыныштандырып, бірқалыпты жұмыс істеуіне септігін тигізеді екен.

Сондай-ақ, би билеп жатқанда адамның иммунитеті күшейіп, жүрек-қан тамырлары мен зат алмасу процесі, тыныс алу жүйелерінің жұмысы да жақсарады екен. Сосын билеу кезінде үнемі шалқайып, иілу көздің де қан айналымын жақсартатын көрінеді. Ал, адам аз қимылдаса, бұлшық еттері әлсіреп, зат алмасу процесі бұзылады және сонымен бірге ішкі ағзалар қызметі төмендейді дейді.

Әрине, қазір бидің түрі көп. Соның ішінде би өнері, әсіресе, Шығыс халықтарында ерекше жоғары дамыған. Оларда тұрмыс-тіршілікті би арқылы көрсету кең жолға қойылған. Сол сияқты бүгінде латын-американ билері де әлем халықтарында ерекше қызығушылық тудыруда. Мысалы, еуропалық және латын-американ билері спорттық бал билері тобына жатқызылып жүр. Бұл ретте, әсіресе, латын-американдық билер өзінің шапшаңдығымен, жинақылығымен, бишілерінің көз тартар сымбаттылығымен де ерекшеленеді. Оның осы күндері самба, сальсо, танго, кумбия, болеро, румба секілді түрлері кең тарап кеткен.

Қысқасы, осы күні Алматыда баласының биге деген икемін байқаған ата-аналар оларды би үйірмелеріне көптеп беріп жатқанын жиі естиміз. Бұл дұрыс та. Өйткені, би билеу арқылы баланың денесі сұлу да сымбатты, дені сау болып өсуіне зор ықпал ететіні сөзсіз.


Айдарға кіру
Ән және академиялық бағыттағы вокал өнер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу